Қазақстан пара волейболшылары АҚШ-та өтетін Әлем кубогіне дайын
Пара волейболдан Әлем кубогы алдында ұлттық құрамамен Федерация президенті, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Нұрбайұлы Тұрғанов және оның әріптесі Серік Сәрсенұлы Ерубаев кездесті. Кездесу барысында спортшыларға сәттілік тілегі білдіріліп, алдағы жарысқа дайындық барысы талқыланды.
Федерация президенті Дүйсенбай Тұрғанов ұлттық құраманың дайындығына тоқталып, демеушілердің ерекше рөлін атап өтті:
«Sport Qory мен “Самұрық-Қазына” АҚ—ның жүйелі қолдауының арқасында ұлттық құрамамыз жан-жақты әрі сапалы дайындықтан өтті. Біздің құрамамыз қазірде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді — биыл алғаш рет Азия чемпионы атандық. Бұл — спортшыларымыздың еңбегі мен жаттықтырушылардың кәсіби жұмысының ғана емес, демеушілеріміздің сенімді қолдауының да нәтижесі. Енді Әлем кубогінде де жаңа деңгейге көтеріліп, Қазақстанның пара волейболдағы беделін арттыратынымызға сенімдімін», — деді ол. Әлем кубогы 9–18 қазан аралығында АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өтеді. Байрақты додада 14 ерлер және 6 әйелдер ұлттық құрама командалары қатысады. Бұл турнир Лос-Анджелес–2028 Паралимпиада ойындарына маңызды рейтингілік ұпай беретін жарыс саналады.
