Қазақстан құрамасы тартысты матчта АҚШ командасын 3:2 есебімен жеңді
АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өтіп жатқан пара волейболдан Әлем кубогінде Қазақстан ерлер құрамасы алаң иелерін 3:2 есебімен жеңіп, турнирдегі ең маңызды жеңістерінің бірін тіркеді.
Сеттердің нәтижесі:
• 27:25
• 25:21
• 22:25
• 17:25
• 15:12
Алғашқы екі сетте Қазақстан құрамасы ойынға сенімді кірісіп, басымдық танытты. Үшінші және төртінші сеттерде АҚШ командасы қарымта қайтарып, есепті теңестірді. Алайда тай-брейкте біздің спортшылар мінез көрсетіп, жинақылық пен шеберліктің арқасында шешуші сетті 15:12 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Бұл жеңіс Қазақстан құрамасының турнир кестесіндегі жағдайын нығайтып, плей-офф кезеңіне сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді.
«Бүгінгі ойын өте тартысты өтті. АҚШ – мықты қарсылас, бірақ біздің жігіттер соңына дейін күресіп, табандылық танытты. Алдымызда іріктеу кезеңінің соңғы ойыны тұр. Егер Тайланд құрамасын жеңсек, топтық кезеңнен жеңіспен шығамыз. Біздің спортшыларға қолдау көрсетіп отырған жанкүйерлерге, серіктестеріміз бен демеушілерімізге — “Ситибанк Қазақстан” АҚ, Sport Qory және “Самұрық-Қазына” АҚ — шынайы алғыс айтамыз», – деді ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов. Бүгін, 16 қазан күні, Қазақстан құрамасы күніне екінші ойын өткізеді. Кешкі 20:00-де ұлттық құрама Тайланд командасына қарсы алаңға шығады.
