Қазақстан құрамасы Таиландты 3:0 есебімен жеңіп, Әлем кубогінің жартылай финалына жолдама алды
Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ерлер құрамасы АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өтіп жатқан Әлем кубогінде кезекті сенімді жеңіске жетті.Ұлттық құрама Таиланд құрамасын 3:0 (25:15, 25:8, 25:14) есебімен айқын басымдықпен ұтып, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.
Бұған дейін қазақстандық спортшылар іріктеу кезеңінде Италия (3:0), Польша (3:0), Канада (3:0), Франция (3:0) және АҚШ (3:2) құрамаларын жеңіп, топтық кезеңді толық жеңіспен аяқтады. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 17 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орында тұр. Екінші орында — Бразилия (17 ұпай), ал үшінші орында — АҚШ құрамасы (16 ұпай).
«Әлем кубогінде ұлттық құрама жоғары деңгейде ойын көрсетіп, барлық алты кездесуін жеңіспен аяқтады. Бұл — спортшылардың қажырлы еңбегімен қатар, мемлекет пен серіктестердің жүйелі қолдауының нәтижесі. Спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуіне қолдау көрсеткен “Ситибанк Қазақстан” АҚ, “Самұрық-Қазына” АҚ және “Sport Qory” қорына алғыс білдіремін. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында ұлттық құрама халықаралық деңгейде тұрақты көшбасшы ретінде танылып, жаңа биіктерді бағындыруда», — деді Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.
Жартылай финалдық кездесу 18 қазан күні Астана уақытымен сағат 03:00-де Египет құрамасына қарсы өтеді.
Волейболды отырып ойнаудан Әлем кубогі 9–18 қазан аралығында өтуде. Байрақты додаға 14 ерлер және 6 әйелдер ұлттық құрамалар қатысуда. Бұл турнир Лос-Анджелес–2028 Паралимпиадасына жолдама беруге ықпал ететін маңызды рейтингілік жарыстардың бірі болып саналады. Айта кетсек, биыл ұлттық құрама алғаш рет Азия чемпионы атанған болатын. Ал әлемдік рейтингте Қазақстан ерлер құрамасы 66 елдің ішінде үздік бестікке кіреді.
