Қазақстан пара волейболшылары Әлем кубогінде үздік үштікке енді
Бүгін Астанадағы «Алау» спорт кешенінде волейболды отырып ойнаудан Әлем кубогінің қорытындыларына арналған брифинг өтті. Іс-шараға Қазақстандық пара волейбол федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрғанов Дүйсенбай Нұрбайұлы, ұлттық құраманың бас бапкері Тахауов Бауыржан Бақытұлы және команда капитаны Сартаев Бауржан Қайырғалиұлы қатысты.
Брифинг барысында спикерлер ұлттық құраманың әлемдік аренадағы соңғы жетістіктерін талқылап, алдағы мақсаттарымен бөлісті.
Айта кетсек, 9–18 қазан аралығында АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан Әлем кубогінде Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль иеленіп, ел тарихында алғаш рет әлемнің үздік үштігіне енді.
Қола жүлде үшін өткен кездесуде қазақстандық спортшылар АҚШ құрамасын 3:1 есебімен (25:23, 25:18, 15:25, 25:23) тізе бүктіріп, жарысты жоғары нәтижемен аяқтады. Кубоктың жеңімпазы – Мысыр командасы, күміс жүлдені Бразилия құрамасы иеленді.
Топтық кезеңде Қазақстан ұлттық құрамасы Италия (3:0), Польша (3:0), Канада (3:0), Франция (3:0), Тайланд (3:0) және АҚШ (3:2) командаларын жеңіп, өз тобынан бірінші орынмен шыққан болатын. Жартылай финалда біздің спортшылар Мысыр құрамасына жол беріп, шешуші матчта АҚШ құрамасымен қайта кездесіп, сенімді жеңіске жетті.
«Қазақстан құрамасы әлемдік аренада жаңа белестерді бағындыруда. Биыл команда алғаш рет Азия чемпионы атанды, енді міне, Әлем кубогінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл – тек спортшылар мен жаттықтырушылардың емес, бүкіл команданы қолдаған мемлекеттің, серіктестер мен жанкүйерлердің ортақ еңбегі. Спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуіне қолдау көрсеткен Туризм және спорт министрлігіне, Қазақстандық пара волейбол федерациясына, “Ситибанк Қазақстан” АҚ, “Самұрық-Қазына” АҚ және Sport Qory-ға алғыс білдіремін. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында ұлттық құрама халықаралық деңгейде тұрақты көшбасшы ретінде танылып, жаңа биіктерге ұмтылуда», – деді ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.
Келесі жылы Қазақстан ұлттық құрамасы екі ірі халықаралық додада ел намысын қорғайды. 10–17 шілде аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан Әлем чемпионаты өтеді, ал 18–26 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында Азия Пара ойындары ұйымдастырылады.
Волейболды отырып ойнаудан ұлттық құраманың соңғы жылдардағы жетістіктері:
- 2023 жыл – Қазақстанда өткен Азия чемпионаты, II орын, Париж-2024 Паралимпиада ойындарына лицензия алды;
- 2023 жыл – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия Пара ойындарында II орын;
- 2024 жыл – Париж Паралимпиадасында әлемнің үздік 8 құрамасының ішінде 5-орын;
- 2025 жыл – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия чемпионатының алғаш рет жеңімпаздары;
- 2025 жыл – АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өткен Әлем кубогінің қола жүлдегерлері.
Қосымша ақпарат үшін: Әшімханова Құралай, +77071455734
