Астанада волейболды отырып ойнаудан Қазақстан мен Жапония құрамалары арасында жолдастық матч өтті

АСТАНА, 3 сәуір. Бүгін «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында волейболды отырып ойнаудан Қазақстан мен Жапония құрамалары арасында жолдастық матч өтті. Аталған іс-шара «Ситибанк Қазақстан» акционерлік қоғамының қолдауымен ұйымдастырылды.

Жолдастық кездесудің басты мақсаты – қоғамды паралимпиадалық спорт түрлерімен таныстыру, елімізде инклюзивті ортаны дамыту, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, матч спортшылардың өзара тәжірибе алмасуына бағытталды.

Іс-шараның ашылу салтанатында Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Шагилбаевич Нурмуханбетов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі:

«Жапония құрамасының тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға келгеніне қуаныштымыз. Бұл – біздің спортшылар үшін үлкен мәртебе әрі Қазақстан құрамасының шеберлігі мен деңгейінің халықаралық аренада жоғары бағаланатынының дәлелі. Былтыр дәл осы алаңда Панамерика аймағының үздік командаларының бірі саналатын Бразилия құрамасымен де жолдастық матч өткізген едік. Осындай маңызды іс-шараны ұйымдастыруға мүмкіндік берген серіктестеріміз – «Ситибанк Қазақстан» компаниясына және «Хан Шатыр» әкімшілігіне алғысымыз шексіз. Бұл кездесу – параспорттың сұлулығы мен қуатын жұртшылыққа паш етуге тамаша мүмкіндік», – деді ұлттық құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы – волейболды отырып ойнау бойынша Азия чемпионатының, Азия Пара ойындарының жүлдегері, сондай-ақ Париж-2024 Паралимпиада ойындарында үздік бестіктен көрінген команда.

Алдағы маусымда ұлттық құрама 9-19 маусым аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Asia Oceania Zonal Championships Азия чемпионатына қатыспақ.

Анықтама үшін:

Қазақстан құрамасының жетістіктері:

  • 2009 – Тегеранда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты – қола жүлде
  • 2010 – АҚШ-тағы әлем чемпионатының В дивизионы – чемпион
  • 2014 – Инчхон (Оңт. Корея), Азия Параойындары – 4-орын
  • 2017 – Ханчжоу, Азия чемпионаты – күміс жүлде
  • 2018 – Джакарта (Индонезия), Азия Параойындары – қола жүлде
  • 2019 – Бангкок, Азия чемпионаты – қола жүлде
  • 2021 – Токио 2020 Паралимпиадасына іріктеу – күміс жүлде
  • 2022 – Голландия, халықаралық турнир – күміс жүлде
  • 2023 – Азия чемпионаты мен Азия Параойындары – күміс жүлде
  • 2024 – Париж-2024 Паралимпиадасы – үздік 5 құраманың қатарында

Жапония құрамасының жетістіктері:

  • 2023 – Волейболдан әлем кубогы – 8-орын
  • 2023 – Азия чемпионаты – 5-орын
  • 2024 – Паралимпиада алдындағы лицензиялық турнир – 7-орын

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *